Атырауда қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ – Шәпкенов

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланбайтынын мәлім етті.  

Серік Шәпкенов
Фото: primeminister.kz

Әкімнің пікірінше, төтенше жағдай жариялау үшін арнайы критерий бар. Соған байланысты дәл қазір төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ.

– Алдымен төтенше жағдай жариялау бізге не береді? Оны жариялау үшін құқықтық, заңдық нормалар негізге алынады. Сол сәйкес болса ғана төтенше жағдай жарияланады. Қазір қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ. Неге? Біріншіден, бізде өртті сөндіруге күш құралдары да, адами ресурс та жеткілікті. Екіншіден, төтенше жағдай жариялайтындай критерийге жете қойған жоқ, - дейді Серік Шәпкенов.

«Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті 13 маусымда түскі мезгілде тұтанған. Содан бері 1515 гектарды жалын шарпыған. 

Еске сала кетелік, 18 маусымнан бері «Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіліп жатыр. 

Ал кеше «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарлаған едік.

Сондай-ақ «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды. 

Соңғы жаңалықтар