Атырауда картоп 1 адамға 3 келіден сатылып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда тұрақтандыру қорының картобы 1 адамға 3 келіден артық сатпау жөнінде шектеу енгізілді.

Бұл деректі «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның баспасөз қызметі растады.
– Атырау облысының 2024-2025 жылдарға арналған тұрақтандыру қоры бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарламаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге айналым қаржысын толықтыру үшін қайтарымды қарыз берілді. Тұрақтандыру қорына 5 667 тонна көкініс өнімі жеткізілді. Шартқа сәйкес әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдері 2024 жылдың 1 қарашасы мен биылғы жылдың наурызына дейін 11 супермаркетте, Атырау қаласындағы 3 базар мен 6 сауда павильонында сатылып жатыр. Қазір тұрақтандыру қорының қоймасында 200 тонна картоп қоры бар. Бұл ақпан айынының соңына дейін жетеді. Сауда орындарында картоптың бағасы – 180 теңге, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
«Атырау» ӘКК» АҚ көктемгі кезеңге 680 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен қосымша шарт жасалған.
– Тұрақтандыру қорындағы картоп нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатылып жатыр. Алайда арзан картопты көп мөлшерде алып, үстеме бағамен сатуға жол бермеу үшін 1 адамға 3 келіден сатуға шешім қабылданды. Бұл – алыпсатарлық әрекетті болдырмау үшін жасалған қадам, - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге 2,8 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.