Қаржы пирамидасын құрған атыраулық қария жазасын шартты түрде өтейді

Екі жасар өгей ұлын өлтірген Теміртау тұрғынына сот үкімі шықты
Фото: Kazinform

Атырауда қаржы пирамидасын құрған адам 5 жылға сотталды. Зейнет жасындағы сотталушы жазасын шартты түрде өтейді, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аса ірі мөлшерде ақша тартып, қаржы пирамидасын құрған, оған басшылық жасаған адамға ҚР Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған.

«Сотталушы Т. Ресей Федерациясының азаматы Д-ның „The Finiko“ компаниясын құрғанын біліп, бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдаған. Өзінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыру мақсатында әрекетінің заңсыздығын біле тұра ақпараттық механизмді іске қосқан. Әлеуметтік желі арқылы өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартуға бағытталған әрекетін жүзеге асырған. Ол Қазақстан Республикасының аумағында „The Finiko“ компаниясының халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екеніне көз жеткізіп, компанияның құрылымдық бөлімшесін басқаруға шешім қабылдаған», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сотталушы компанияға 19 жәбірленушіні тартқан.

Жәбірленушілерге 108 млн теңгеден асқан қаржылық залал келтірген.

Алайда, күдікті тергеу сатысында 93 млн теңге залалдың орнын толтырған. Өтелмеген залал сомасы — шамамен 15 млн теңге.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, экономикалық сараптама қорытындысымен, маман қорытындысымен, фото және бейнематериалдармен толық дәлелденген.

Прокурор сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты өзін ақтауды өтінген.

Ал, 18 жәбірленуші келген залалдың өтелуіне байланысты сотталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды ұсынды. 

«Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазым атқару құқығынан 7 жылға, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушының зейнет жасында екенін және залалдың ішінара өтелгенін ескеріп, сот Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, жазаны шартты түрде тағайындады», — деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар