Атырауда қатты жел тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырын ұшырды
Атырауда қатты желдің салдарынан бірнеше тұрғын үй мен ғимараттың шатыры ұшты. Көшедегі теректер, кейбір тұрғын үйлердің кіреберісіндегі қүнқағары құлады, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жергілікті уақытпен сағат 17:00-ге дейін желдің екпіні күшейіп, секундына 23-28 метрге жеткен.

«Қатты желдің салдарынан көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатыры бүлінді. Атырау қаласындағы Махамбет, М.Әузов, Н.Оңдасынов, Қ.Ахмедияров, А.Байжігітова көшелеріндегі 118 «г», 109, 58, 19, 61, Азаттық даңғылының 133 «б», 67 және «Нұрсая» шағын ауданындағы 1 мекенжайындағы тұрғын үйлер мен өзге нысандардың шатыры ұшты. Кейбір үйлердің балконы мен кіреберістегі күнқағары, көшедегі теректер құлады. Бұл тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төндірді. Сол себептен құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, шұғыл түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті. Оқиға орнында жедел-құтқару жасағының құтқарушылары альпинистік жабдықтар мен авариялық-құтқару құралдарының көмегімен бүлінген конструкцияның авариялық фрагменттерін бекітті. Бүлінген бөлшектерді алып тастап, жолдарды құлаған шатыр конструкцияларынан тазартты», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Департаменттің диспетчерлік пультіне қоңырау көп түскен. Табиғат құбылысынан ешкім зардап шекпеген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жеке тұрғын үй өртеніп, 81 жастағы қарияны күйік шалғанын жазған едік.