Атырауда қайтарылған қаржы есебінен мектеп-интернаттың құрылысы басталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Жамансор ауылында жаңа мектеп-интернаттың іргетасы қаланды. Білім ордасының құрылысы қайтарылған қаржы есебінен жүргізіледі.

Қызылқоға ауданында теміржол бойында орналасқан Жамансор елді мекенінде мектеп жасындағы 200-ге жуық бала бар. Бастауыш сыныптың оқушылары 60 орынға бейімделген ғимаратта білім алуға мәжбүр. Бейімделген нысанда спорт және акт залы жоқ.
Қазір бастауыш сыныптар мен дайындық топтарында 64 бала тіркелген. Ал жоғары сыныптардың оқушылары Атырау мен Құлсары қалаларындағы, Мақат және Мұқыр стансаларындағы мектеп-интернатта оқып жүр.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, құрылысы басталған мектеп-интернатта екі блок қарастырылған. Оның бірі – 80 орындық мектеп, ал екіншісі – 30 орынға есептелген интернат.
– Мемлекет басшысының айқын ұстанымы – қайтарылған қаржыны ел игілігіне жұмсау. Осындай қаржының есебінен Жамансор ауылында жаңа мектеп-интернаттың құрылысы басталды. Бұл жоба шалғай ауылдағы балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдайдың кепілі болады, - дейді Қайрат Нұртаев.
Бұл нысанның құрылысы прокуратураның бақылауында алынып отыр. Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмахановтың айтуына қарағанда, мектеп-интернаттың құрылысын алдағы қараша айында аяқтау көзделген.
Жамансор ауылының тұрғындары мектеп-интернат құрылысының басталған қуанышты жаңалық ретінде қабылдап отыр. Ауыл тұрғыны Бағдабай Амановтың айтуынша, бұрын балаларын өзге ауылдардағы мектеп-интернаттарға тасымалдаған.
– Балалардың ата-анасының жанында білім алғаны жөн ғой. Алайда, осы кезге біз мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмадық. Өйткені, Жамансорда білім ордасы жоқ. Сол себептен, оқушыларды көршілес елді мекендердегі интернаттарға жіберетін едік. Балаларын ата-анасынан жырақтауды қаламаса да амалсыздан кететін еді. Енді өз ауылымызда заманауи мектеп-интернат ашылса, алдымен балаларымыз қуанатын болды, -дейді Бағдабай Аманов.
Еске сала кетелік, былтыр Атырауда қайтарылған қаржыға салынатын мектеп құрылысы қашан басталатынын жазған едік.