Атырауда қайтарылған қаржыға салынатын мектеп құрылысы қашан басталады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Қайтарылған қаржыға Атырау облысының Жамансор ауылында жаңа мектеп салынады. Білім ордасының құрылысы алдағы жылы басталады.

Қаржы
Фото: Kazinform

Жамансор – Қызылқоға ауданындағы теміржол бойында орналасқан елді мекен. Мұндағы отбасыларда мектеп жасындағы 195 бала бар. 

Қызылқоға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Алпановтың айтуынша, Жамансорда 60 орынға бейімделген ғимаратта бастауыш сынып ашылған. Ауылдағы бастауыш сыныптар мен дайындық топтарында 64 бала оқып жүр. Жоғары сынып оқушылары Атырау мен Құлсары қалаларындағы, Мақат және Мұқыр ауылдарындағы мектеп-интернатта білім алады. 

«Жаңа мектеп пайдалануға берілген соң барлық оқушы өз ауылында оқитын болады. Қазір нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Білім ордасында мұғалімдер үшін қосымша жұмыс орны ашылады. Жамансор елді мекеніне жақын Кенбай ауылының балаларын да осында оқытуды жоспарлап отырмыз», -дейді Қанат Алпанов.

Оның дерегіне қарағанда, жаңа мектеп 150 орынға есептелген. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық талапқа сай жағдай жасалады.

«Біздің ауылдағы мектепте тек бастауыш сыныптардың оқушыларына ғана арналған. Оны аяқтаған соң, оқуын жалғастыру үшін балаларымызды басқа аудандар мен ауылдарға жіберуге мәжбүр болып жүрміз. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдасақ та, басқа амалымыз жоқ. Енді жаңа мектептің салынатыны туралы жаңалықты естіп, қуанып отырмыз», -дейді Жамансор ауылының тұрғыны Алмагүл Аманова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Мемлекетке қайтарылған 2 млрд теңгеге Атырауда мектеп салынатыны хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар