Атырауда қолданыстағы орталық көпірдің қасына жаңасы салынуы мүмкін

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау қаласындағы ең ескі, 1965 жылы пайдалануға берілген орталық көпірдің қасына жаңа көпір салу жобасы қарастырылып жатыр. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин бұл жобаны қытайлық компания жасап жатқанын мәлімдеді. 

Атырау
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Шаһар басшысының айтуынша, әкімдік бұл жұмысты әлемдегі үздік 500 компанияның қатарына жататын қытайлық мекемеге тапсырған. Жоба бойынша олар қолданыстағы көпірден 10 метр қашықтықта жаңасын салуды жоспарлап отыр. Жаңа көпірдің құрылысы аяқталғаннан кейін ескісін қолдану жолдары қарастырылмақ. Биыл шетелдік компания өкілдері әкімдерге жобаның жай-жапсарын таныстырып кетіпті. Құрылыстың Жайық өзенінің қос жағалауына қалай жүргізілетінін көрсеткен. Қазір жобаны жетілдіруде. Наурыз айында тағы да жобаны пысықтап, Атырау билігіне таныстырады.

Қазіргі уақытта орталық көпірдің астынан 400 диаметрлік жылу құбыры өтіп жатыр. Бұл құбыр оң жағалаудағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріп отыр. Шәкір Кейкиннің сөзінше, «Нұрсая» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа әлеуметтік нысандарға осы құбырдың жылу беру мүмкіндігі жетпейді.

— Жылу желілерімен айналысатын мекеме жаңа көпірдің астына 700 диаметрлік құбыр жүргізу мәселесін ұсынып отыр. Біз бір оқпен екі қоян атып, жылу жүйеміз де, көпірді де жаңарту ойымыз бар. Толық жұмысты бастау үшін жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы мәселесі шешілу керек.Аймақ басшысы қытайлық компанияға бұл жобаны тездетуді тапсырды, — деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин

Айта кетейік, орталық көпір салынғаннан кейін бір рет күрделі жөнделген. Бүгінде қаланың инфрақұрылымында ерекше маңызға ие.

2020 жылдың қаңтарында жылу құбыры тіректерінің ығысуына байланысты көпірде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Кейін шенеуніктер нысанды жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға кіріскен еді. Одан бері бұл көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келеді.

Бұған дейін Атыраудағы көпірлердің жағдайына жүргізушілердің көңілі толмайтынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум