Атырауда компания ауласында тұрған автобус түгі қалмай жанып кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда компания ауласында тұрған автобус отқа оранды. Өрттің салдарынан қалмай жанып кетті

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, өрт бүгін, 29 сәуірде болған.
«Департаменттің диспетчерлік пультіне бүгін сағат 15:08-те Атырау қаласындағы З.Қабдолов көшесінде орналасқан мекеменің ауласында тұрған «Yutong» маркалы автобустың өртенгені хабарланды. Өрт сөндірушілер шақырту орнына жедел жетіп, жалынды санаулы минутта оқшаулады. Жалын сағат 15:20 толықтай сөндірілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Көлік өртін сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 6 қызметкері мен мен 1 техникасы жұмылдырылды.
«Жыл басынан бері 34 көлік өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 6 дерекке көп. Осыған байланысты жүргізушілерден осындай оқиғаның алдын алу үшін өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау сұралады», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жүк көлігіндегі 22 тонна мақта түгі қалмай өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.