Атырауда компания директоры 25 адамға жалған келісіммен 313 млн теңгенің пәтерлерін сатқан
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда құрылыс компаниясының директоры 25 адаммен алдын ала жалған келісімшарт жасаған. Сөйтіп оларға құны 313 млн теңгеге бағаланған пәтерлерін сатқан.
Атырау облыстық прокуратураның мәліметінше, бірнеше құрылыс компаниясының осындай заңсыз әрекеті анықталған.
«Атырауда «Андора Констракшн» ЖШС-нің директоры 2020-2023 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға келісім алмаған. Бірақ, 25 азаматқа жалған алдын-ала келісімдер жасау арқылы 313 миллион теңгеге пәтерлер сатқаны анықталды. Атырау қаласындағы №2 соттың үкімімен серіктестік директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал, «Nazik Group» ЖШС-нің директоры мен «Атамекен Тұрғын Үй», «Family Town» және «Baisanat Residence» тұрғын үй кооперативінің құрылтайшысы да осыған ұқсас фактілер бойынша сотталды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Биыл прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде 2 құрылыс компаниясы әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Бұл компаниялар 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төледі.
«Облыстық прокуратура қызметкерлері азаматтардың үлестік құрылыс нарығындағы құқықтарының сақталуын бақылауда ұстап отыр. Үлескерлердің пәтерлерін уақытылы алу үшін құқықтарының бұзылуына жол бермейді», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған едік.