Атыраулық компания ластанған топырақ үшін 334 млн теңге айыппұл төледі

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысының экология департаменті «Магистралды су құбыры» ЖШС-не ластанған топырақ қалдықтарының жиналуына белгіленген лимиттерді бұзғаны үшін 334,1 миллион теңге әкімшілік айыппұл салды.

айыппұл
Фото: Kazinform

Департамент тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарға байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғап, тиісті хаттама толтырған.

Компания экология департаментінің қабылдаған шараларына сот арқылы шағымданған. Алайда Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты шағымды қанағаттандырмады.

Кейін компанияның шағымын Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы да қарады. Апелляциялық инстанция сот шешімін өзгеріссіз қалдырып, компанияның талабын қанағаттандырмады.

Осылайша, сот шешімдерімен «Магистралды су құбыры» ЖШС-нің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны расталды.

Қазіргі уақытта 334,1 миллион теңге көлеміндегі айыппұл толық өндіріліп, мемлекеттік бюджетке аударылды.

Еске салайық, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық заң бұзу анықталғанын хабарлаған едік.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты тексеріс нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеді.