Атырауда құрылыста заңсыз жұмыс істеген 100 шетелдік анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 222 шетел азаматы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ құрылыста 100 шетелдіктің заңсыз еңбек етіп жүргені белгілі болды.

СҚО ПД
Фото: СҚО ПД

12-16 қазан аралығында ел аумағында «Заңсыз келуші» республикалық жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібін, тіркеу талаптарының сақталуын және еңбек қызметінің заңдылығын тексеріп жатыр.

Екі күн ішінде өңірде көші-қон заңнамасын бұзған 222 шетел азаматы анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар құрылыс нысандарында жүргізілген рейд кезінде заңсыз жұмыс істеген өзге елдердің 100 азаматы белгілі болды. Оларға қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Атырау қалалық сотына жолданған.

Бұдан бөлек, көші-қон заңнамасының талаптарын өрескел бұзған 16 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.

Полиция департаменті шетел азаматтарын елде болу және еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібін сақтауға шақырды.

Бұған дейін Өскеменде шетел азаматы 59 рет жол ережесін бұзғанын жазған едік.