Атырауда Құрманғазы атындағы домбырашылар байқауының жеңімпазы анықталды
Атырауда қазақтың ұлы композиторы, күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл тлуына домбырашылардың республикалық байқауы өтті. Байқауда Алматы облысының өнерпазы Мейірбек Әзімбаев бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Kazinform.

Домбырашылардың рсепубликалық байқауына Астана мен Алматы қаласынан, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысынан 21 үміткер қатысты. Бұл байқауды Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырды.
Қазылар алқасының төрағасы танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың айтуынша, байқауда домбырашыларға һзгеше талап қойылған.

«Ең басты – бұрыннан жиі орындалып жүрген күйлерді емес, керісінше, көп естілмей жүрген туындыларға көбірек мән беру. Мұндай талап сирек орындалатын шығармаларға жаңа леп беріп, киелі сахнаға қайта оралуына жол ашты. Біздің күйші бабаларымыздың әртүрлі тақырыпты қамтитын шығармалары өте көп. Сондай шығармалардың барлығын дерлік жас ұрпаққа дәріптеп, стилі мен орындалу ерекшелігін көрсету қажет», - дейді Айтқали Жайымов.
Байқауда домбырашылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениетін сақтау мәнері сараланды. Қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесіне алматылық Мейірбек Әзімбаевты лайық деп таныды. Жеңімпазға 1 млн теңге табыс етілді.

Ал, бірінші жүлдесінің 800 теңгесін Атырау қаласының өнерпазы Ақбөкен Темір иемденді. Екінші жүлдеге жергілікті екі домбырашы – Нұрлыбек Нәжекенов пен Назерке Базарбаева ие болып, әрқайсысына 600 мың теңге табыс етілді. Үшінші орынның 400 мың теңгесін алматылық Ләззат Ақихат пен Нұрай Зинор иеленді.
Атыраулық Серік Әлібековке байқаудың үшінші орны, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрiнің арнайы жүлдесі табысталды. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы арнайы жүлденің 200 мың теңгелік сыйақысымен астаналық Қайрат Жұмағалиев пен алматылық Арсен Тұрсын марапатталды.

«Қазақтың белгілі өнер майталмандарының алдында өнер көрсету оңай болмады. Байқаудағы әр кезеңнің өзіндік қиындығы бар. Қобалжу, уайымдау секілді сезімді бастан кештік. Соның бәрі артта қалды. Ең бастысы бұл байқауда шеберлік шыңдадық», - дейді бас жүлдегер Мейірбек Әзімбаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Дидар Қами Атыраудағы халықаралық айтыстың бас жүлдесіне ие болғанын жазған едік.