Атырауда мектеп жанындағы лагерьлер оқушыларды қабылдай бастады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында мектептер жанынан 167 жазғы лагерьдің жұмысы басталды. Бұл лагерьлерде 10 мың жуық оқушы демалатыны көзделіп отыр.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің дерегіне сүйенсек, сондай лагерьдің бірі «Жайлы мектеп» жобасымен іске қосылған №50 білім ордасының жанынан ашылған. Лагерьге «Жайлы Camp» атауы берілген.
– Жазғы сауықтыру лагеріне бастауыш сыныптан 50 оқушы қабылданды. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалды. Лагерьде жұмыс істеуге білікті мамандар тәрбиеші ретінде тартылды. Олар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі танымдық, спорттық және мәдени шаралар өткізуді бастады, -дейді лагерь жетекшісі Құрмангүл Ахмедьярова.
Оның айтуынша, лагерь қызметін ұйымдастыру үшін ҚР Үкіметінің №64 қаулысы негізге алынған. Соған сәйкес көпбалалы, күнкөріс деңгейі төмен, сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары қабылданған. Ас мәзірі балалардың жас ерекшілігіне қарай әзірленеді.
Лагерьге алғаш келгендің қатарында Айзере Аманқос та бар. Оның ата-анасы – көпбалалы отбасы.
– Жаңадан ашылған лагерьге келгеніме қуанып жүрмін. Маған өте ұнады. Тамағы дәмді, тәрбиешілер мейірімді екен. Көп дос таптым. Күн сайын түрлі концерт пен спорттық ойындар өткізіледі. Әр күніміз ерекше өтіп жатыр, - дейді оқушы Айзере Аманқос.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының оқушылары жазғы 3 сауықтыру лагерінде демалатынын жазған едік.