Атырауда мүгедектердің құқығын қорғайтын бірлестіктің өтінішінен соң мейрамханаға айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда мүгедектердің құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктің өтінішінен соң мейрамханаға тексеру жүргізілді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіруіне жағдай жасалмаған мейрамханаға айыппұл салынды.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінен өтініш түскен.
– Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша мейрамханаға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысымен субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мейрамханаға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, - деп хабарлады жергілікті департаменттен.
Атырау қаласының тұрғыны Кенжебай Мұратов – екінші топтың мүгедегі. Оның айтуынша, соңғы кезде мүгедектер үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеуде оң өзгеріс байқалады.
– Қаламызда мүгедектігі бар азаматтар үшін қызметтерге қолжетімділік бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып келеді. Мәселен, Атырау қаласындағы банк филиалында тактильді көрсеткіштер, мнемосұлбалар қойылды. Кіреберістегі есіктер кеңейтіліп, кедергілер алынып тасталды. Қазір ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, қызмет алуға болады. Мұнда өте ыңғайлы пандус орнатылды, - дейді Кенжебай Мұратов.
Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық өрендер мүгедектерді оңалтуға арналған құрылғы ойлап тапқанын жазған болатынбыз.