Атырауда мұнай таситын цистерналарды жуу-булау стансасы тексеріліп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда мұнай таситын цистерналарды жуу-булау стансасында тексеру басталды. Себеп – цистерналарды жөндеу қызметіне жоғары баға белгіленген.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ақпаратына қарағанда, тексеру заңды тұлғаның өтінішіне сәйкес қолға алынған.
– «Batys Petroleum» ЖШС-нің жуу-булау станциясына қатысты тергеп-тексеру басталды. Жоспардан тыс талдау нәтижелері бойынша екі кемшілік анықталды. Бұл – мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған вагон-цистерналарды жөндеу қызметіне монополиялық жоғары бағаны белгілеу мен қолдауда көрсетілген монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері. Монополияға қарсы заңнаманы ықтимал бұзу фактісі тергеу аясында тексеріледі. Монополиялық жоғары бағаның белгіленгені расталған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады. Оның ішінде компанияның жылдық айналымының 3-5% мөлшерінде айыппұл салу, монополиялық кірісті тәркілеу және бағаны экономикалық негізделген деңгейге дейін төмендету туралы нұсқама беру бар, - деп мәлім етті департаменттен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда сұйытылған мұнай газын сақтайтын компания негізсіз кіріс тапқанын жазған едік.