Атырауда Наурыз мейрамын тойлауға келген адамдарға виртуалды форматта бата берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Махамбет-Исатай алаңына Наурыз мейрамын тойлауға келген тұрғындар мен қала қонақтарына виртуалды бата берілді.
Арнайы планшетке кез келген қонақ есімін жазады. Таңдауына сәйкес оған есімін айтып, Қазыбек би немесе Бұқар жырау бата береді.


Бұл виртуалды алаң көптің қызығушылығын оятты. Жалпы бұдан басқа арнайы камераға түскен азамат түрлі образдағы фотосын телефонына жүктей алатын арнайы бұрыш жасақталған. Сондай-ақ оқушылар мен студенттердің ЖИ, IT және робототехника бағытында жасаған жобалары көптің назарына ұсынылды.
Айта кетейік, Digital Nauryz аясында өңірде бұған дейін әрқайсысының жүлде қоры 500 мың теңге болатын хакатон, стартап жобаларының жарысы және спорттық бағдарламау бойынша сайыс өтті. Сонымен қатар жаңару күнінде 100-ден аса өнертапқыштың жобалары қойылған «Digital Education: Цифрлық білім және жас инноваторлар» облыстық форумы ұйымдастырылды.
Бұған дейін елімізде ұйымдастырылған «Ханталапай» сайысына 350 мыңнан астам бала қатысқанын жазған едік .