Атырауда өткен аптада сары май, сәбіз, пияз, қант пен тұз бағасы өзгерді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Мониторинг кезінде бес түрлі азық-түлік бағасының өскені анықталған.

азық-түлік
Фото: Валерий Бугаев

Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мұсағалиевтің айтуына қарағанда, бағасы өскен тауарлардың бәрі шетелден жеткізілген.

– Азық-түліктің кейбірі Ресей Федерациясынан, Беларусь, Иран, Қытай мен Өзбекстан Республикасынан жеткізіледі. Импорттық өнімдер бағасының өсуіне маусымаралық кезең, валюта бағамының өзгерісі мен логистикалық шығындардың артуы тікелей әсер етіп отыр. Өткен аптада сары май, сәбіз, пияз, қант және тұздың бағасында өсім байқалды. Ал сүзбе мен қырыққабат бағасы төмендеді, -дейді Ризабек Мұсабеков.

Оның дерегіне қарағанда, қазір әлеуметтік маңызы бар 10 тауардың бағасы тұрақты болып тұр.

– Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мониторингтік топтар азық-түлік сатылатын дүкені бар кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. «Дина», «Көктем», «Сарайшық», «Аламан», «Шығыс» секілді ірі базарлардың басшыларымен меморандумға қол қойылды. Аталған сауда орындарын жергілікті тауар өндірушілерге жеңілдікпен сауда сөрелері ұсынылады. Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Осы кезге дейін 210 мәрте осындай жәрмеңке өткізілді, -деп мәлім етті Ризабек Мұсабеков.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстанда күзге қарай картоп арзандауы мүмкін екені айтылған еді.

 

Соңғы жаңалықтар