Атырауда өзен жағасында қамыс өртенді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласына қарасты Дамба ауылынан шамамен 6 шақырым жерде, Жайық өзенінің жағасында қамыс өртенді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Атырауда 10 гектарды шарпыған қамыс өрті сөндірілді
Видеодан алынған скрин

Өрт 31 қазанға қараған түні шыққан. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалын шарпыған аумаққа арнайы техниканың бара алмайтынын анықтады.

Өрт ошағы көлікпен жетуге қиын жерде орналасқандықтан, өрт сөндірушілерді жеткізу үшін жүзу құралдары пайдаланылды.

– ТЖМ қызметкерлері өртті сөндіру жұмыстарын ұйымдастырып, жалынның одан әрі таралуына жол бермеді, – деп хабарлады ведомство.

Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 гектар аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді.

Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысының Қызылқоға ауданында 10 гектар аумақты шарпыған қамыс өрті сөндірілген еді. 18 қазанда басталған өртті ауыздықтауға 69 адам мен 11 техника жұмылдырылған.