Атырауда полиэтилен шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы басталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысында полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Бұл – елімізде осындай өнім шығаратын алғашқы өндіріс орны.

Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары басталды. Жобаға тартылған инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд АҚШ доллары. Зауыттың қуаты – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасымен қолға алынған. Жаңа зауыт Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жобаға айналады.

Құрылыс жұмыстарын 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл жоба ел экономикасына қалай ықпал етеді?
Мамандардың түсіндіруінше, біріншіден, зауыт құрылысына 8 мыңға жуық адам тартылады. Екіншіден, іске қосылған кезде 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Үшіншіден, импортталатын полиэтилен көлемін отандық өніммен алмастыруға, қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға жол ашады. Төртіншіден, бұл жоба ішкі жалпы өнім көрсеткішінің 1,2 пайызға өсуіне мүмкіндік береді. Бесіншіден, ұқсас салалар мен елдегі жаңа өнім шығаратын өндірістердің дамуына ықпал етеді.
Ал полиэтилен қандай өнім? Бұл – әлемде ең көп сұранысқа ие пластик. Мұндай өнім экономиканың барлық саласында кеңінен қолданылады. Мәселен, күнделікті тұрмыста және өнеркәсіпте кеңінен пайдаланылатын құбырлар, құрылыс индустриясындағы және орауға арналған материалдар, автобөлшектер, медициналық жабдықтар мен басқа да тауарлардың құрамында полиэтилен бар.

Жоспарға сәйкес бұл зауытта полиэтиленнің 22 маркасын шығару көзделген. Осындай өнімнің 40 пайызы жоғары сапалы премиум санатына жатады. Бұған Axens (Франция), Univation Technologies (АҚШ) және Chevron Phillips Chemical (АҚШ) компанияларымен жасалған лицензиялық келісімдердің нәтижесінде қол жеткізілген.
Полиэтилен неден өндіріледі? Мамандардың айтуына қарағанда, бұл өнімді өндіру үшін шикізат ретінде этан қолданылады. Ал, этан «Теңіз» кен орнынан алынатын құрғақ газдан бөлінеді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жүк вагондарын шығаратын зауыт іске қосылғанын хабарлаған болатынбыз.