Атырауда психикалық денсаулығына байланысты есепке алынғандар саны артқан

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында психикалық денсаулығына байланысты есепке алынғандар саны өсіп келеді. Қазір өңірде 6 856 адам мамандардың бақылауында тұр.

Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шықты
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, өңірде соңғы жылдары психикалық денсаулыққа байланысты алғаш рет тіркелгендер саны артқан. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылы 506 азамат алғаш рет есепке қойылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 657 адамға жеткен. Ал биыл сегіз айда психикалық денсаулығына байланысты алғаш рет тіркелгендер саны 540 адамды құраған.

Мамандардың айтуынша, көрсеткіштің өсуіне бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде психикалық денсаулық мәселелерін ерте анықтау, медициналық қызметтің қолжетімділігі және халықтың бұл бағыттағы сауатының артуы бар.

Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Дамир Қожантаевтың сөзінше, балалар арасында психикалық және психологиялық даму бұзылыстарын, соның ішінде аутизм спектрі бұзылыстарын ерте анықтау көрсеткіші өсіп келеді.

— Балалардың арасында психологиялық даму бұзылыстарын, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстарын ерте анықтау көрсеткішінің өсуі байқалады. Бұған ерте диагностиканың жақсаруы, сондай-ақ ата-аналардың медициналық көмекке жүгінуінің артуы әсер етеді, — деді Дамир Қожантаев.

Оның айтуынша, мамандардың динамикалық бақылауында интеллектуалдық даму бұзылыстары, шизофрения, психологиялық даму бұзылыстары, аутизм спектрінің бұзылыстары және органикалық психикалық бұзылыстар сияқты жағдайлар кездеседі.

Жалпы қазір аймақта психикалық денсаулығына байланысты мамандардың бақылауында 6 856 адам тұр. Олардың 100-ге жуығы психикалық денсаулық сақтау орталығынан ем алады.

Бұған дейін Атыраудағы апатты жағдайда тұрған психдиспансер жалға алуға ғимарат іздеп жатқанын жазған едік. Бүгінде мекеме қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нысанда жұмысын жалғастыруда.