Атырауда референдум және әз-Наурыз күні қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 15 және 22 наурыз күні қоғамдық көліктер қала тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдайтынын мәлімдеді.
Бұл шешім тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз баруына, сондай-ақ қала ішінде еркін қозғалуына қолайлы жағдай жасау үшін қабылданған.
— Аталған күні қала аумағында қатынайтын автобустар әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейді. Тұрғындар мен қала қонақтары қоғамдық көліктерді ақысыз пайдалана алады, — деп мәлімдеді қала билігі.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы берген мәліметке сүйенсек, мерекелік думан легі 14 наурыз — Көрісу күнінен басталады. Бұл күні қаладағы ірі сауда орталықтарында концерт ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында жолаушылар үшін арнайы көрісу рәсімі өткізіледі. 15 наурыз күні сағат 11:00–де «Исатай-Махамбет» алаңында «Дәстүр дәнекері — Амал мерекесі» атты мәдени-көпшілік шара, ал 16 наурызда ұлттық нақыштағы суреттер көрмесі, қала мектептері арасында «Дәстүрден тағылым» тақырыбында ULTTYQ QUIZ зияткерлік ойыны өтеді.
Бұдан бөлек, сол күні сағат 15:00–де Салтанат сарайында қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер дефилесі және Atyrau Hub ғимаратында стартаптар байқауы ұйымдастырылмақ.
— 17 наурыз күні мереке жалғасып, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын және тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға пәтер кілтін табыстау рәсімі жоспарланған. Оған қоса «Берекелі шаңырақ» өнерлі отбасыларының фестивалі өтеді. Ал 18 наурыз сағат 15:00–де «Ұлттық киім — рухани мұра» атты ұлттық киім шеруі өтеді. Шеру «Сұлтан-Бейбарыс» алаңынан басталып, «Исатай-Махамбет» алаңына дейін жалғасады. Шеру эстарада әншілері қатысатын концертке ұласады. Ал 19 наурызда AI Хакатон ұйымдастырылады. 20 наурыз күні «Исатай-Махамбет» алаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізу жоспарланып отыр, — делінген Наурызнама онкүндігінің аясындағы негізгі іс-шаралар тізімінде.
21 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен мәдени-көпшілік шара өтпек. Ал 22 наурыз — Наурыз мерекесінің негізгі күні сағат 11:00–де Исатай-Махамбет алаңында «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мәдени іс-шара, кешкі 20:00–де эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.
Наурызнама онкүндігі 23 наурыз күні «Таза табиғат» жалпыұлттық акциясымен қорытындыланады. Бұл күні қала аумағында сенбілік өткізіліп, елді мекендер мен аулаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Бұған дейін қызылордалықтар референдум күні қоғамдық көлікте тегін жүретінін жазған едік.