Атырауда рельске шыққан жылқының кесірінен 2 жолаушы, 3 жүк пойызы кідірген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында тепловоз машинисі жылқы табынын баспау үшін шұғыл тежеу тетігін басып, пойызды тоқтатқан.

Атырауда рельске шыққан жылқының кесірінен 2 жолаушы, 3 жүк пойызы кідірген
Фото: Видеодан скриншот

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Қызылқоға және Мақат ауданының аралығында болған. 

— Атырау облысының Сағыз — Мақат теміржол учаскесінде пойыз машинисі жолға шығып кеткен жылқы табынын басуға жол бермеді. Теміржол маңында жайылып жүрген жылқылар рельсті кесіп өтіп, апатқа қауіп төндірді. Машинист ұзақ дыбыстық дабыл беріп, шұғыл тежеуді қолданды. Жол дистанциясының қызметкерлері табынды жолдан қуып жіберді, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Аталған оқиғаның салдарынан 5 пойыз кідірген. Оның 2-еуі — жолаушы, 3-еуі — жүк пойызы.

— Қараусыз жүрген мал теміржолдағы пойыз қозғалысына елеулі қауіп төндіреді. Малдың рельс үстіне шығуынан апатты жағдай туындауы мүмкін екенін ескертеміз, — деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында локомотив пен 11 вагон рельстен шығып кетіп, жұмысшылар зардап шеккенін хабарлаған едік.

Кейін Атырау маңындағы апаттың салдарынан 6 жолаушылар пойызы кешігетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар