Атырауда рұқсатсыз жұмыс істеген 13 шетелдік 92 мың теңгеден айыппұл төледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 13 шетелдіктің рұқсатсыз жұмыс істегені анықталды. Шетелдіктердің әрқайсысына 92 мың теңге айыппұл салынды.

Қызылқоға аудандық сотында бір күнде Өзбекстан Республикасының 13 азаматына қатысты әкімшілік іс қаралды. Көршілес елден келген шетелдіктер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігін бұзған.
«Өзбекстан Республикасының 13 азаматы Қазақстан Республикасы аумағына келу және онда болу қағидаларының талаптарын сақтамай, еңбек қызметін жүзеге асыруға тиісті рұқсат құжаттарды алмастан жұмыс істегені анықталды. Сот отырысында 13 шетел азаматы өз кінәсін мойындады. Өздеріне қатысты ел шегінен шығарып жіберумен байланысты емес жаза түрін тағайындауды сұрады», -деп хабарлады аудандық соттан.
Сот қаулыларымен Өзбекстан Республикасының 13 азаматы құжаттың жоғарыда көрсетілген бабымен кінәлі деп танылды. Шетелдіктердің әрқайсысына 92 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулылары заңды күшіне енді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Ресей азаматтығын алғанын хабарламаған әйелге 516 мың теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.