Атырауда «Sarayshyq upgrade–2024» халықаралық жастар форумы өтіп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырауда «Sarayshyq upgrade - 2024» халықаралық жастар форумы басталды. Биыл бұл форум екінші рет өтіп жатыр.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, мұндай форумды жыл сайын өткізу қажет. Өйткені, екі күнге созылатын форумда жасанды интеллект, маркетинг, музыка және кинематография, театр, хореография бағыттары талқыға түседі. Демек, бұл – жастарға берілетін зор мүмкіндік.
Мәселен, былтыр форумға «Музыка» бағыты бойынша қатысқандардың қатарында атыраулық «KEZEN» тобы да бар. Бұл топ Астанада өткен «YouFest» фестиваліне шақырылып, алғаш рет эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті.
Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Орынбасар Нариман «Кинематография» бағытында тәжірибе жинаған. Ол отандық фильмдерге қозғалып тұратын афиша жасаған. Оның жобасы еліміздің әр өңірінде көрсетілді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Sarayshyq upgrade–2023» халықаралық жастар форумына қатысуға 1000-нан астам жас ниет білдірген. Форумға іріктеуден өткен 300-ден астам жас қатысып отыр. Олар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан елдері және еліміздің барлық қаласынан келген.
«Қазір әлемде күн сайын дерлік өзгеріс болып жатыр. Заманауи мәселелер де туындайды. Осындай сәтте жігерлі әрі шығармашыл жастардың орны да, үні де ерекше маңызға ие болады. Жас буынның ой-пікірі мен ұсыныстары тек біздің өңірдің ғана емес, еліміздің дамуына жаңа серпін береді. Сол себептен, осы форум аясында алмасқан тәжірибелер мен идеялар жарқын болашаққа жол ашады деп үміттенемін. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде қоғамның демократиялық үрдіспен дамуына, экономика мен руханияттың алға баусына маңызды жобалар іске асырылатынына сенемін», -деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Паралимпиада ойындарында қола жүлде алған атыраулық парадзюдошыларға көлік берілгенін жазған болатынбыз.