Атырауда су тасқынынан бүлінген жол әлі толық жөнделген жоқ
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында былтырғы су тасқыны кезінде бүлінген жолды жөндеу әлі толық аяқталған жоқ.

Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұржау Маратовтың айтуынша, былтыр көктемде Жайық, Ойыл және Жем өзендері арнасынан асып, автожол мен көпірлерді су шайған.
Соның салдарынан Атырау қаласы мен Махамбет, Индер, Қызылқоға, Жылыой аудандарының аумағында 27,9 шақырым жол мен 6 көпір бүлінген.
— Су тасқынынан келген шығынның жалпы құны - 8,8 млрд теңге. Бүлінген жол мен көпірлерді қалпына келтіруге Үкіметтің резервінен 5,9 млрд, жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 27,9 шақырым жол мен 6 көпірді қалпына келтіру, 13 мал өткелі мен 49 су өткізгіш құбыр салу жоспарланды, — дейді Нұржау Маратов.

Талдыкөлдіктер күте тұрады
Оның мәліметінше, Жайық өзенінің тасуынан Индер, Махамбет аудандарының аумағымен өтетін Атырау-Орал, Атырау-Индер тасжолы бүлінген.
Мәселен, Атырау-Индер бағытындағы жолдың жарамсыз болған 300 метр бөлігін қалпына келтіруге 759 млн теңге бөлінген.
Бұл жұмыстың мердігері — «Казахдорстрой» ЖШС. Мердігер ұзындығы 100 метр көпір салуы қажет.
Қазір бүлінген көпірдің тұсында айналма жол салынған. Көпірдің жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Бірақ көпірдің құрылысын алдағы жылы аяқтау жоспарланған.
— Аталған жолдың Махамбет ауданының аумағындағы бөлігіне орташа жөндеуді «Атыраужолдары» ЖШС жүргізеді. Оған 1 млрд 503 млн теңге қаралған. Бұл жолдың бойында 3 мал өткелі мен 19 су өткізгіш құбыр салу, 4 шақырымды жөндеу көзделген. Осы кезге дейін бұл жұмыстың 90 пайызы жасалды, — дейді бөлім басшысы.

Осы аудандағы Сарытоғай ауылына апаратын жолдың 300 метрі мен 8 су өткізгіш құбыр құрылысына 89 млн теңге қаралған. Бұл істі атқару «West Buildinq Group» ЖШС-ға жүктелген. Мердігер жұмысты толық аяқтаған.
Ал былтыр тұрғындары эвакуацияланған Талдыкөл ауылына кіретін жолды жөндеу әлі басталмаған.
Мұның мынадай себебі бар. Бүлінген жолдың жобасында көзделмеген көпір өткелінің зертханалық қорытындысы жарамсыз болған. Сол себептен жобаға түзету енгізілген.
Осыған байланысты жөндеу жұмысын биыл бірінші тоқсанда бастау көзделген. Оны «АВС Лимитед» ЖШС атқарады.
Ал Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне апаратын 7 шақырымдық жолды қалпына келтіру үшін 550 млн теңге бөлініп отыр.
Жолдың бұл бөлігінде орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. «Казсервисгруп» ЖШС бір су өткізгішті, 4 мал өткелі мен қосымша айналма жол салынған. Бірақ әлі толық аяқталмаған.

Ойыл енді ойран салмаса…
Қызылқоға ауданының аумағымен өтетін Ойыл өзені бірнеше жыл қатарынан арнасы ортайып, әбден құрғауға шақ қалған еді.
Алайда былтыр Ойыл өзені де ернеуінен асып, тұрғындарды әбден әбігерге салды.
Ойылдың тасуынан Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз автомобиль жолы жарамсыз болып қалды. Бұл жолға орташа жөндеу жүргізетін бас мердігері — «Ассана Дор Строй» ЖШС. Мердігер 4,3 шақырым жолды жөндеп, 6 мал өткелі мен 15 су өткізетін құбыр салады.
Ал «АтырауИнжСтрой-АИС» ЖШС көпір құрылысын жүргізіп, су өткізуге арналған құбырларды орнатады.
Аталған жұмысты атқару 1 млрд 323 млн теңгеге бағаланып отыр. Қазір аудан орталығы — Миялы ауылының тұсында көпір салынып, уақытша пайдалануға берілген.
Сондай-ақ облыстық маңызы бар жолдан Қарабау ауылына баратын жолды қалпына келтіру жұмысын «Даму Құрылыс» ЖШС жүргізген.
Бұл жолдың ұзындығы — 300 метр. Жол бойына 6 су өткізетін құбыр орнатылған. Осындай жұмыстарды атқаруға 81 млн теңге бөлініпті.
Құлсарыда төсемтас төселді
Былтыр сәуірде Жылыой ауданында Жем өзенінің арнасынан су Құлсары қаласына кірді. Құлсары-Мұқыр, Құлсары-Доссор бағытындағы жолды жырып кетті.
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұржау Маратовтың дерегіне қарағанда, бұл аудан аумағындағы бүлінген жолды қалпына келтіруге 2 млрд 390 млн теңге бөлінген.

Мердігер компанияның бірі — «Казкомсервис» ЖШС жол жөндеу жұмысының 90 пайызын атқарған.
Мәселен, Құлсары қаласындағы көшелерге 17 мың шаршы метр төсемтас төсеу үшін 321 млн теңгені қаралды. Бұл қаржыны «Өмірзақ» ЖШС толық игеріпті.
Моношаһардың «Достық» шағынауданындағы автомобиль көпірін қалпына келтіруге 475 млн теңге бөлінген. «SK Kazalem» ЖШС аталған көпірді жөндеу былтыр 12 желтоқсанда бастады.
Қажетті материалдар Ресейден әкелініп, 40 адам жұмысқа тартылды. Жөндеу жұмысын наурызда аяқтау жоспарланып отыр.
— Былтыр тасқын су кезінде бүлінген жол мен көпірлерді жөндеу басталғанымен, күннің суытуына байланысты тоқтап қалды. Негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталуға жақындады. Күн жылынған соң жөндеу қайта жалғасады. Жобаға сәйкес су өткізгіш құбырлар, көпірлер мен мал өткелдері салынып жатыр. Бұл су тасқын қайталанатын болса, су өткізу қабілетін арттырып, көлік қозғалысын тоқтатпайды. Жолдың маңындағы елді мекендерге қауіп төндірмейді, — дейді спикер.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында былтырғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін екенін жазған едік.