Атырауда су жеткізетін кәсіпорынға 12,5 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласы мен Мақат ауданының тұрғындарын сумен қамтитын кәсіпорынға 12,5 млн теңге айыппұл салынды. Бұған инвестициялық бағдарламаның орындалмауы мен негізсіз кіріс себеп болған.

Айыппұл салынды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, «Табиғи монополиялар туралы» заңның 26-бабының 2-тармағының 16) тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі бекітілген инвестииялық бағдарламаны орындауы тиіс. 

– Осыған байланысты «Атырау облысы Су Арнасы» МКК тарапынан 2023-2024 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламасының орындалуына талдау жүргізілді. Талдау қорытындысына сәйкес суды таратушы желілер және магистральдық құбырлар арқылы беру реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша 60 млн теңгенің, екіншіден, сарқынды суларды бұру және сарқынды суларды тазарту реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша 22 млн 527 мың теңгенің іс-шарасы орындалмаған, - деп хабарлады жергілікті департаменттен.

Сондай-ақ реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша базалық ставкаға байланысты негізсіз алынған кіріс анықталған.

– Суды таратушы желілер және магистральдық құбырлар арқылы беру реттеліп көрсетілетін қызметінен 69 184 575 теңге, сарқынды суларды бұру және сарқынды суларды тазарту реттеліп көрсетілетін қызметтен 25 963 405 теңге кіріс түскен. Осыған байланысты «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша 12 582 400 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Екі әкімшілік іс бойынша салынған айыппұлдарды субъект қысқартылған іс жүргізуде көрсетілген соманың 50% мөлшерінде жеті тәулік ішінде төледі, - деп мәлім етті департаменттен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қалдықты рұқсатсыз жинаған серіктестікке 37,4 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар