Атырауда су жеткізуші кәсіпорынға 5,5 млн теңге айыппұл салынды

айыппұл
Фото: freepik.com

Атырауда сумен қамтитын кәсіпорын тұтынушыны судан заңсыз ажыратып тастаған. Осыған байланысты монополист кәсіпорынға 5,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС-дан шағым түскен. Шағымда «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның сумен жабдықтауды заңсыз ажыратқаны айтылған.

«2023 жылғы 29 желтоқсанда ҚР Табиғи монополиялар туралы заңының 26-бабының 2-тармағының 4) тармақшасын бұзғаны үшін «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Аталған кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпорынға жалпы сомасы 5 млн 520 мың айыппұл салынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК айыппұлдың қысқартылған өндірісте көрсетілген 50 пайызын жеті тәулік ішінде төледі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың бұрынғы әкімі коммуналдық кәсіпорынды басқаратынын хабарлаған едік.

Кейін Жайық өзенінде мұз қатып, Атыраудағы су сору қондырғылары тоқтап қалды.

Сондай-ақ, Атыраудың сусыз отырғанына байланысты әкімдікте комиссия құрылды.

«Атырау облысы Су Арнасы» өкілі Жайықта мұздың тығыз массасы 20 жылдан бері болмағанын айтты.

Бір күннен кейін Атырауды сумен қамту толық қалпына келтірілді.

Соңғы жаңалықтар
telegram