Атырауда тағы бір күдіктіден 200 доза синтетикалық есірткі тәркіленді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда синтетикалық есірткіні таратпақ болған тағы бір күдікті ұсталды. Күдіктіден 200 доза синтетикалық есірткі тәркіленді.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктінің жалдамалы пәтерде тұрғаны анықталған.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Атырау қаласының аумағында есірткі таратумен айналысқан күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Күдіктінің жасы – 24-те. Оның жалдамалы пәтерін тексеру барысында салмағы 100 граммды құрайтын мефедрон есірткісінің 200 дозасын табылып, тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір есірткі таратумен айналысқан күдікті қамауға алынды. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ер адамнан марихуананың 60 дозасы тәркіленгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырауда үйінің ауласына 47 түп қарасора еккен зейнеткер ұсталғанын хабарлаған едік.