Атырауда жазықсыз ажал құшқан итке қатысты облыс әкімі түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде қап тасыған ит түсірілген бейнежазба желіде тараған еді. Белгілі болғандай бірер күн бұрын Пшон атты итті атып тастаған. БАҚ өкілдері жануарға жасалған қатыгездік туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтен түсінік беруін сұраған еді.

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

- Бұл жаңалықты БАҚ-тан көріп, анықтадым. Жағдай 28 қарашада Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылында болған. Ауыл тұрғыны шағым түсіреді, себебі үйіне кіре алмайды, үйінің қасында бұралқы иттердің жүргенін айтқан. Қазір бұл факті бойынша қызметтік тағы басқа тексеру жүргізіліп жатыр. Біздің өңірде заңға сәйкес бұралқы иттерді ұйықтатып, агрессивті жағдайда жойылады немесе стерильдеу арқылы ит ортаға қайта жіберіледі, - деді Серік Шәпкенов ОКҚ-де өткен брифингіде. 

Сондай-ақ облыс басшысы Пшонның тағдырына қатысты тексеру жұмысының қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін айтты. 

Айта кетейік, Kazinform тілшісі иттің иесі Зәмзагүл Жаңабаевамен тілдесіп, мән-жайды анықтаған еді. Оның айтуынша, Пшонды әдейі атқан. 

Еске сала кетсек, көктемгі су тасқыны кезінде Атырауда ит те бөгет салуға көмектесіп жүргені жайлы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар