Атырауда тіркелмеген сайлаушылар қалай дауыс береді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында референдумда дауыс беру 274 учаскесінде өтіп жатыр.

Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны — 411 880.
Дауыс берудің ашықтығы мен заңдылығын бақылайтын 7 ұйым акредиттелген.
«Бүгін өңірде 283 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Оның 9-ы — аумақтық, 274-і — учаскелік. Жалпы комиссияларда 2037 мүше бар. Дауыс беру процессі вахталық қалашықтар да өтіп жатыр. Бұл жұмысты 38 учаскелік комиссия жүзеге асырады. Барлық учаске материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген», -деп хабарлады облыстық аумақтық комиссиядан.
Атырау қаласы мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 100-ге жуық инватакси ұйымдастырылған. Сондай-ақ, 15-ке жуық сурдоаудармашы бар.
Учаскелерге тактильді белгілер орнатылған. Көзі нашар көретін сайлаушылар аудионұсқаны тыңдағаннан кейін трафаретпен қамтамасыз етілген.
«Тіркеуі жоқ, сол себепті ешбір учаскеде тізімге енбеген азаматтардың дауыс беру үшін учаскеге тіркелуге, дауыс беруге мүмкіндігі бар. Бұл қызмет Атырау қаласындағы 5 учаскеде көрсетіледі», -деп мәлім етті облыстық аумақтық референдум комиссиядан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында референдумда дауыс беретін тұрғындар саны көбейгенін жазған едік.