Атырауда түн ортасында екі көлік соқтығысып, 6 адам ауруханаға жеткізілді
Атырау қаласында түнгі ортасында екі көлік соқтығысып, 6 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық полиция департаменті аспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 15 қарашада түнгі сағат 00:30 шамасында болған.
«Атырау қаласындағы Әбілхайыр хан және К.Мәденов көшелерінің қиылысында Kia Corento мен Renault автокөліктері соқтығысты. Жол апатының салдарынан 6 адам зардап шекті. Оның екеуі – көлік жүргізушілері, ал, төртеуі көлікте отырған жолаушылар. Түрлі дене жарақатын алған 6 адам жедел-жәрдем бригадасының көлігімен ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері жол-көлік апатының себебін анықтау үшін тиісті іс-құжаттар жинақтап жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау оқушылары көлік жүргізушілеріне жол ережесін сақтау туралы хат жолдағанын жазған болатынбыз.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтің пікірінше, оқушылардың хаты жол ережелерін сақтамайтын жүргізушілерге ой салуы мүмкін.
«Қымбатты жүргізуші ағай, қоғамдық көліктің қызметін күнделікті пайдаланамыз. Онымен жұмысқа, сабаққа барамыз, үйге қайтамыз. Көлікті абайлап жүргізсеңіз, барлығымыз аман боламыз. Апаттан сақ болу – өз қолыңызда! Сапарыңыз сәтті болғай», - деп жазған оқушының бірі.