Атырауда тұрақтандыру қорына көкөніс жеткізетін қожалықтар су тасқынынан зардап шекпеген

склад
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тұрақтандыру қорына көкөніс жеткізетін шаруа қожалықтар су тасқынынан зардап шекпеген.

«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қайсар Құрманалиевтің айтуынша, тұрақтандыру қорына үш шаруа қожалығы көкөніс жеткізеді. 

«Су тасқыны кезінде «Агрофеликс», «Қызанақ агро», «Отбасы» шаруа қожалықтарының егістік алқаптары зардап шеккен жоқ. Қазір аталған қожалықтардың егін алқаптарында маусымдық жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл қожалықтармен маусымаралық кезеңге әлеуметтік маңызы бар картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат өнімдерін өсіру, сақтау және сату бойынша келісім жасалған болатын. Үш шаруа қожалығы арқылы тұрақтандыру қорына жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5667 тоннаны құрайды. Тұрақтандыру қоры арқылы тұтынушыларға сатылатын көкөністің бағасы нарықтағы құнынан төмен болады», - дейді Қайсар Құрманалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы бақылауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар