Атырауда тұтынушының ақшасын құмар ойынға жұмсаған әйел сотталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау соты тұтынушының ақшасын құмар ойынға жұмсаған әйелді 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда, сотталушының кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды. 

судья, суд, сот
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Атырау қаласындағы №2 соттта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) азаматша Г.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сотталушы Г. өзінің атына жеке кәсіпкерлікті тіркеп, Атырау қаласының аумағында майлық сүртіндісін және балаларға арналған жөргектер сатумен айналысқан. ️Жәбірленушінің сеніміне кіріп, «Каспий Голд» қосымшасы арқылы ақша аударғаннан кейін оған тауарды жеткізетініне сендірген. Ақшаны алған соң тұтынушыны алдап, өз міндеттемесін орындамаған. Ақшаны құмар ойындарына жұмсап, жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде залал келтірген», - деп хабарлады аталған соттан.

Сот үкімімен Г. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушының асырауында 4 кәмелетке толмаған баланың барына байланысты үкімнің орындалуы 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда алаяқтыққа байланысты 300-ге жуық қылмыстық іс сотқа жолданғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, үш жылға сотталған атыраулықтың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды

Соңғы жаңалықтар