3 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 3 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

66 жыл бұрын (1958) ҚР Қарулы Күштері жоғарғы қолбасшылығының өкілі, генерал-лейтенант Болат Қаскенұлы СЕМБИНОВ дүниеге келген.

Шымкент (қазіргі Түркістан) облысында туған. 1980 жылы Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін, 1988 жылы Мәскеудегі Әскери-саяси академияны бітірген.

Еңбек жолы: 1980-1988 жылдары Каспий флотилиясының күзет кемелерінде лауазымды қызметтерде болды. 1988-1994 жылдары Тынық мұхит флотының күзет кемелері бригадасының әскери-саяси бөлімінің бастығының орынбасары, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің оқытушысы, аға оқытушысы, бастығының көмекшісі болып еңбек етті. 1994-1996 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігінің келісім және сыртқы байланыстарды басқару мәселелері жөніндегі бөлімінің бастығы, 1996-1997 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі іс басқармасының бастығы – әскери коллегияның хатшысы, 1997-2003 жылдары Қорғаныс министрінің көмекшісі, министр аппаратының бастығы, 2003-2010 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік еңбектері үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл» медальдарымен және басқа да мемлекеттік және шетелдік наградалармен марапатталды.

63 жыл бұрын (1961) Ақтөбе облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Іскендірұлы СӘРСЕМБАЙ дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Алматы зооветеринарлық институтын «Зооинженер» мамандығы бойынша, Қазақ-орыс халықаралық университетін «Экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған.

«Еңбек жолын 1984 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы «Тоғыз» совхозының ветеринар дәрігері болып бастаған. 1989-2001 жылдары №1 және №3 мал шаруашылығы фермасының бухгалтері, Шалқар ауданы Тоғыз ауылының «Тоғыз» совхозы бас бухгалтерінің орынбасары, Шалқар қаласындағы «Қасым» шаруа қожалығының мал шаруашылығы маманы болды. 2001-2010 жылдары Шалқар ауданының Тоғыз ауылдық округінің, Кішіқұм ауылдық округінің әкімі, 2010-2017 жылдары Шалқар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы, Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2017-2021 жылдары Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2021-2023 жылдары Ақтөбе облысы ветеринария басқармасының басшысы қызметтерін атқарды

Қазіргі қызметін 2023 жылдың шілде айынан бастап атқарып келеді.

48 жыл бұрын (1976) Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы НҰРКЕНОВ дүниеге келген.

Целиноград (қазіргі Астана) қаласында туған. 1999 жылы С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, есепші-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясат ұлттық мектебін бітіріп, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған. 2012 жылы Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін заң бакалавры мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1995-2003 жылдары Ақмола қаласындағы «Шамшырақ» ХЖҚ менеджері, 2003-2006 жылдары Астана қаласының әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыстар бөлімінің бас маманы, өндіріс саласы бөлімінің меңгерушісі, 2006-2010 жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасының күрделі құрылыс және техникалық қадағалау, ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар, ведомствоға қарасты ұйымдарды басқару бөлімдерінің меңгерушісі және орынбасары болып жұмыс істеген. 2010-2013 жылдары Астанадағы «Мөлдір су» ЖШС басшысы, 2013-2014 жылдары Бурабай ауданының әкімі, 2014-2017 жылдары Ақмола облысы әкімінің өндіріс саласы мәселелері жөніндегі орынбасары, 2017-2019 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2019-2023 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді.

«Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1979) «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасайұлы ҚАРАСАЕВ дүниеге келді.

Ақтауда туған. 2007 жылы Ш.Есенов атындағы университетті бітірген.

2011-2012 жылдары ҚР Дін істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Дін істері департаментінің директоры қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары «МаңғыстауАгропромпроект» ЖШС атқарушы директоры, 2014-2017 жылдары Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, 2017-2020 жылдары “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры қызметін атқарған. 2021-2022 жылдары Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылы «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың желтоқсанынан бері атқарып келеді.

35 жыл бұрын (1989) «Ақтөбе ЖЭО» АҚ Басқарма төрағасы Бахтияр Базарғалиұлы ІЗБАСАРОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 2012 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша, 2015 жылы «Мұнай және газ инженериясы» мамандығы бойынша бітірген. 2020 жылы Almaty Management University Іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолы: мұнай-газ саласында логистика бөлімі бастығының орынбасарынан бірінші басшыға дейін («ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Интергаз Орталық Азия» АҚ) өтті.

Қызметінде 2022 жылдың тамызынан бері.

189 жыл бұрын (1835-1865) қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы, тарихшы, этнограф, саяхатшы әрі дипломат Шоқан (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы УӘЛИХАНОВ дүниеге келген (негізінен туған күні нақты белгісіз, көбінесе «қараша айы» деп қана жазылады).

Ол Қостанай облысы қазіргі Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын бекетінде Абылайханның немересі Шыңғыстың отбасында дүниеге келді.

Төрт жасында хат танып, Құсмұрындағы әкесі салған мектепте ортағасырлық қыпшақ-шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ аңыздарын, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін жиі айтып отыратын. 12 жасына дейін Құсмұрындағы мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. Ауылдық бастауыш мектепте оқып жүріп-ақ араб, парсы, шағатай тілдерінің негізін үйреніп алды.

1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген. Сібір кадеті корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ, Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екендігін танытты. Ол, әсіресе, жазғы демалыс кездерінде ел ішіндегі халық жырлары мен дастандарын жазып алып, аңыз-әңгімелерді жинауға қызықты. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу жыры Шоқанның алғашқы жазған шығармаларының бірі болды. Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері нұсқаларын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.И. Березин бұл зерттеулерге назар аударып, жазып алған. Шоқанның зерттеушілік қабілетін байқаған ғалым оны өз тарапынан ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан.

Кадет корпусын 1853 жылы 17 жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.

1854 жылы кадет корпусындағы ұстазы Костылецкийдің өтініші бойынша көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры Н.И. Березиннің тапсырмаларын орындайды. 1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Сол сапардан кейін оның әскери лауазымы бір саты жоғарылап, поручик шенін алады.

1856 жылы полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігі «Көкетай ханның ертегісі» жырын жазып алады.

Ш. Уәлиханов 1856 жылы аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. 1857 жылы П.С. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. 1858-1859 жылдары Шоқан атақты Қашқария сапарына барып қайтты. 1860 жылы Санкт-Петербургте ол орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. Оны орыс патшасы II Александрдің өзі қабылдады. Осы кездесу кезінде Шоқан патшаға орыс шенеуніктерінің қазақ халқына жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл жеткізді. Петербургте болған кезінде (1859-1861 жылдары) Шоқан Уәлиханов әр түрлі әскери және ғылыми мекемелерде жұмыс істеді. Денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Ол Омбыға барып, даладағы жергілікті басқару ісін қайта ұйымдастыру жөніндегі шараларға қатысты. Оның негізгі ойлары «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбаларда» баяндалады.

1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың Оңтүстік Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына қатысады. Бірақ әскери қызметі ұзаққа созылмады, генералдың жергілікті халыққа шектен тыс қатыгездік жасауы салдарынан әскер қатарынан өз еркімен кетті.

Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болды. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылған.

Соңғы жаңалықтар