Атырауда үстіне ескерткіш құлаған бүлдіршіннің өліміне кінәлі адам сотталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда 2024 жылғы маусымда үстіне ескерткіш құлаған 7 жасар қыз ауруханада көз жұмды. Ал 9 жасар ағасының қолы сынған.

Атырауда  үстіне ескерткіш құлаған 7 жасар жасөспірім қайтыс болды
Фото: atpress.kz

Қайғылы оқиға былтыр маусым айының соңғы онкүндігінде болған. Атырау қаласындағы «Жеңіс» саябағына серуендеуге келген бір отбасының екі баласы құлаған ескерткіштің салдарынан зардап шеккен. 

Жергілікті полиция қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық іс Атырау қаласындағы № 2 сотта қаралды. Ескерткішті орнатқан Б.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігімен айып тағылған. 

— Әкімдік Атырау қаласындағы «Жеңіс» саябағында ҰОС батырларына арналған 14 мүсін жасау үшін демеушілер мен мердігерлерді тартқан. Айыпталушы мердігер бола тұра мүсіндер жасау кезінде құрылыс нормаларын бұзған. Нәтижесінде мүсіннің біреуі екі жас бала мен олардың әкесінің үстіне құлаған, — деп хабарлады соттан.

Сот айыпталушының әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігінен 279-бабының 1-бөлігімен (Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзу) қайта саралады. Ал айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, сарапшының қорытындысымен дәлденген.

Прокурор сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс білдірді. Алайда, сотталушы кінәсін мойындамады. Ал жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды сұрады.

— Сот үкімімен Б. есімді азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 279-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметімен айналысу құқығынан 3 жыл, бас бостандығын 3 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық жасау актісі негізінде 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза белгіленді. Сотталушыдан әрбір жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянның өтемақысы ретінде 10 млн теңгеден, емделуге жұмсалған шығындар өндіріп алынды, — деп мәлім етті аталған соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, былтыр Атырауда үстіне ескерткіш құлаған 7 жасар қыз қайтыс болғанын хабарлаған едік. 

Сондай-ақ, құлаған ескерткіштің салдарынан 9 жасар баланың қолы сынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар