Атырауда үйінің ауласына 47 түп қарасора еккен зейнеткер ұсталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 64 жастағы зейнеткер үйінің ауласына 47 түп қарасора өсірген. Оның салмағы – 8,8 келі. 

Қарасора
Фото: Polisia.kz

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікке ілінген зейнеткер «Қарасора» жедел іздестіру іс-шарасы кезінде ұсталған.

«Биыл Қарасора – 2024» арнайы операциясы кезінде полицейлер 58 есірткі қылмысының жолын кесті. Ал, бүгін полиция және прокуратурасы қызметкерлерінің бірлескен іс-шарасы кезінде зейнеткердің тұрғылық үйінің ауласына 47 түп қарасора өсіргені анықталды. Ол тұрғылықты тұратын үйінің қоршауын ауласы көрінбейтіндей етіп жабдықтаған. Тәртіп сақшыларының тінту жүргізуі кезінде ауладан 8 келі 800 грамм болатын 47 түп қарасора бұтасы тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда есірткі таратумен айналысқан екі күдікті қылмыс үстінде ұсталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар