Атырауда із-түзсіз жоғалған 23 жастағы бойжеткенді Жайық өзенінен іздеп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда із-түзсіз жоғалған 23 жастағы бойжеткен әлі табылған жоқ. Оны жергілікті құтқарушылар Жайық өзенінен іздеп жатыр.

суға батты
Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, кеше, 22 қазанда полиция департаментінен жоғалған бойжеткенді іздеу туралы шақырту берілген. 

«Жергілікті құтқарушылар жоғалып кеткен бойжеткенді су астынан іздеуге кеше, таңертең сағат 07:00-де кірісті. Іздестіру жұмысы Жайық өзенінің Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының тұсында жүргізіліп жатыр. Оған жедел-құтқару жасағының 5 құқарушысы мен 2 қайық тартылды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Бүгін облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 23 жастағы бойжеткеннің із-түзсіз жоғалуына байланысты екі күдікті ұсталғанын хабарлады. 

«Адам ұрлау және адам өлтіру баптарымен қылмыстық іс тіркелді. Полиция қызметкерлері кешенді тергеу амалдарын жүргізуді бастады. Осыған байланысты екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 23 жастағы бойжеткенді 3 күннен бері іздеп жатқанын  жазған едік. 

Із-түзсіз жоғалған бойжеткен Яна Легдокимова 2001 жылы дүниеге келген. Ол Атырау қаласының Авангард-2 шағын ауданындағы көпқабатты үйде тұрған. Пәтерінен 18 қазан күні кешкі сағат 22:00 шамасында шығып, кері оралмаған.

Соңғы жаңалықтар