Атырауда зейнеткер жүргізушіге 483 мың теңге айыппұл салынды
Атырауда 16 қазаннан бері жол ережелерін өрескел бұзуға байланысты 260 дерек тіркелді. Құқық бұзған жүргізушінің бірі – 68 жастағы зейнеткерге 483 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 16 қазаннан бері «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
– Іс-шараның мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері іс-шара басталғаннан бері жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесімен жол ережелерін өрескел бұзған 260 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Мәселен, көліктің рульіне алкогольдік мас күйде отырған 22 жастағы 7 жыл мерзімге жүргізу құқығынан айырылды. Ал, 1955 жылы туған зейнеткер жүргізушіге 483 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, 18 қазанда жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері Interceptor іздеу жүйесі ВАЗ–2110 автокөлігінің жүру бағытын анықтады. Патрульдік полиция қызыметкерлері автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде 1983 жылғы жүргізушінің 793 мың 500 теңгені құрайтын 36 айыппұлы бар екені анықталды. Борышкер жүргізушінің автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 32 жастағы жүргізуші 3 адамды қағып кеткенін хабарлаған болатынбыз.