Атырауда жалған әскери форма киген мас жүргізуші ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Атырау қаласында жедел жәрдем көлігінің ішінде төбелес болып, оған мемлекеттік орган қызметкері қатысқаны жөнінде ақпарат тарады.

Атырау облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты ресми мәлімдеме жасады.
— Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жүргізушінің 1996 жылы туған қала тұрғыны екенін анықтап, оны медициналық сараптамадан өткізген, нәтижесінде оның алкогольдік мас күйде болғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, азаматтың бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталып, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар аталған азаматтың құқық қорғау органдарының қызметкері емес екені анықталған.
— Оған қатысты әскери форманы заңсыз кигені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 675-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды, — деп нақтылады ведомство.
Бұған дейін Атырауда ұсталған ҰҚК қызметкері ісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын жазғанбыз.