Атырауда жарықсыз қалған мектеп оқушылары қашықтан оқып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы С.Зиманов атындағы №37 орта мектепте 4 қаңтардан бері электр жарығы берілмей тұр. Осыған байланысты оқушылар 3 күннен бері қашықтан оқып жатыр.
Облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жарықтың өшкені туралы «Атырау Жарық» АҚ-ның диспетчеріне хабар берілген.
– «Атырау Жарық» АҚ мамандары жарық желісінің үзілген тұсы мектептің теңгеріміне кіретінін хабарлады. Мектеп әкімшілігі жарық жүйесін қалпына келтіру мақсатында «FLUX ENGINEERING» ЖШС-мен бір көзден сатып алу шартын жасақтады. Аталған серіктестік электр желісінің үзілген тұсын анықтап, жөндеу жұмысын жүргізуді қолға алды. Электр желісі мектеп аумағына жақын орналасқан тұрғын үй кешенінің тұсындағы бұрыштан үзілген. Тұрғын үйге зақым келтірмес үшін мектеппен арадағы асфальт жолдың астынан тесіп, 80 метр электр желісін кері жүргізу жұмысын жалғасып жатыр, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Мектептің жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Генератор арқылы жылу насосқа электр энергиясы берілген.
– Жарық желісі іске қосылған соң оқушылар дәстүрлі форматта оқуға қосылады. Электр энергиясын іске қосу үшін мекемелер толыққанды жұмыс жүргізіп жатыр, - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының жасөспірімдері 1 жылда 67 қылмыс жасағанын хабарлаған едік.