Атырауда Жайық өзенінің жағалауы нығайтылып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Жайық өзенінің Атырау қаласындағы және оған іргелес орналасқан елді мекендердегі жағалауы нығайтылып жатыр.

Атырау облысының жедел штабының мәліметіне сүйенсек, бұл жұмысты 10 кәсіпорын мен 10 кәсіпкерлік субъектісі қолға алған.

«Жедел штабтың басты мақсаты – елді мекендерді көктемгі тасқын судан қорғау. Осы мақсатта Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары қолға алынды. Әсіресе, мұнайлы шаһар маңындағы Атырау, Рембаза ықшам аудандарында, Еркінқала, Алмалы, Атырау, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінде өзен жағалауындағы қорғаныс бөгетінің осал тұстарын биіктету қолға алынды. Мұндай жұмыс Жұмыскер, Геолог, Ақжар елді мекендерінде де жүргізіледі», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Қазір жағалаудағы жұмысқа 98 КамАЗ, 18 тиегіш, 2 автогридер, 2 «Гидромек» тиегіші, 5 бульдозер, 7 экскаватор, 1 виброкаток, 6 каток тартылған. Жағалауға топырақ төгі үшін 1 318 рейс жасалған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.
Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады.
Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.
Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті.
Кеше Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды.
Сондай-ақ, кеше су тасқынынан Қызылқоға ауданындағы 8 округке әлі де қауіп бар екенін хабарлағанбыз.
Бүгін Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі толық сейілмегенін жазғанбыз.
Ал Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілді.