Атырауда Жайыққа батқан 14 жасар жасөспірім табылмай жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Жайық өзеніне батып кеткен 14 жасар жасөспірім табылмай жатыр.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бұл туралы бүгін 22 тамызда түнгі сағат 01:40–та хабар берілген.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Ақжар ауылының тұсында 1 жасөспірімнің суға батып кеткені туралы шақырту түсті. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, 2010 жылғы ұлдың жабдықталмаған орында суға түскенін анықтады. Сүңгуірлері таңға дейін су астында іздестіру жұмысын жүргізді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Суға батқан жасөспірімді іздеу таңғы сағат 6:30-да қайта жалғасқан. Оған Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 16 құтқарушы, 4 техника, 4 жүзу құралы тартылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 3 айда суға батқан 25 адамның 14-і жасөспірім екенін жазған едік.