Атырауда жедел жәрдем стансасындағы ақпараттық жүйенің ақауы тексеріледі
Атырауда жедел жәрдем стансасындағы ақпараттық жүйеде ақау шығып, тұрғындар ренішін тудырды. Осыған орай жедел жәрдем стансасындағы ақпараттық жүйені тексеру басталады, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық жедел жәрдем стансасында «Көмек» бағдарламасында ақау шыққан. Сол себептен, жедел жәрдем бригадасы шақыртуға мезгілінде жете алмаған. Ал, тұрғындардан шағым көп түскен.
Осыған байланысты Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ақпараттық жүйедегі ақау тексерілетінін мәлім етті.
«Жедел жәрдем ақпараттық жүйесінің жұмыс істемеуі туралы хабарламаларға байланысты ресми тексеру тағайындалады. Бұл тексеру жедел жәрдем стансасы мен «Көмек» ақпараттық жүйесін пайдалану жөніндегі цифрландыру орталығының қызметін талдауға бағытталатын болады. Тексеру жүргізудің қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою және жүйенің жұмысын оңтайландыру үшін қажетті шаралар қабылданады», - деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір тәулікте 30 сәби өмірге келгенін хабарлаған болатынбыз.