Атырауда жолдың опырылуына себеп болған құбырды таба алмай жатыр
KAZINFORM. АТЫРАУ — Атырау қаласы «Нұрсая» ықшамауданында опырылған жол бөлігі әлі қалпына келтірілмеді.
Жолдың опырылуына «Нұрсая» ықшамауданында кәріз сорғы станциясын жаңғырту жұмысы себеп болған.
Жобаға сәйкес нысанды жобалау және іске асыру шекарасы К1-1 құдығымен белгіленген. Осыған орай, қолданыстағы өздігінен ағатын кәріз коллекторы К1-1 құдығына қосылуы тиіс.
Құсан Наренбаев көшесіндегі тасжолдың астынан «Атырау облысы су арнасының» және жер үйлердің кәріз құбыры өтіп жатыр. 6,5 метр тереңдікте құбырлардың бірінен су кетіп жатқаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта бұл аумақта мамандар кәріз суының қай құбырдан кетіп жатқанын анықтау жұмыстарымен айналысып жатыр.

— Одан әрі инженерлік желілердің сенімділігі мен ұзақ мерзімде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында SDR17 маркалы полиэтилен құбырларын тарту (протаскивание) әдісімен қолданыстағы өздігінен ағатын коллекторды ауыстыру көзделіп отыр. Аталған жұмыс бастапқы жоба шеңберінен тыс, туындаған авариялық жағдайды жою және оның қайталануын болдырмау мақсатында атқарылуда. Құбырды ауыстыру жұмыстары аяқталғаннан кейін, учаскеге топырақ төгіліп, тығыздалады. Одан соң тасжол қалыпқа келтіріледі. Мәселені шешуге шамамен 10 күн уақыт керек. Көлік қозғалысын жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр, — деп хабарлады Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы.
Бұған дейін Түркістан облысында көпір опырылғанын хабарлаған едік.