Атыраудағы «Ақжайық» резерватында қамыс өрті 10 гектарда бықсып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағындағы қамыс өрті әлі толық сөнген жоқ. Қазір 10 гектарда өрт ошағы бықсып жатыр.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының дерегіне қарағанда, қамыс өрті 1 050 гектарды шарпыған.
– Төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты қызметкерлері 165 гектардағы өртті сөндірді. Ал 885 гектар алқапты шарпыған жалын өздігінен сөнді. Бүгін сағат 12:00-де қамыс өртінің таралуы тоқтады. Алайда, 10 гектар аумақта әлі де бықсып жатыр, - деп хабарлады департаменттің департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Қамыс өрті тұтанған аумақта арнайы құрылған штаб мүшелері сөндіру жұмысын жалғастырып жатыр. Қазір Атырау қаласында ыстың иісі сезілмейді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатқанын хабарлаған едік.
Кейін Атырауды қамыс өртінің түтіні басқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қамыс өртін сөндіру үшін тікұшақпен 30 тонна су төгілді.