Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өртеніп жатыр.

Атырау өңірлік коммуникацияар қызметінің мәліметіне қарағанда, қамыс өртінен елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ.
— Өртенген аумақтың сулы, батпақты болуы өртті сөндіруге қиындық туындады. Қамыс қалың, әрі биік өскен. Өртті сөндіру жұмыстарына Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінен 84 өрт сөндіруші, 15 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 25 адам, 10 техника тартылды, -деп хабарлады коммнуникациялар қызметі.
«Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының 2 тракторымен 20 шақырым аумақта арнайы жолақ салынған. Қамыс өртін сөндіру жұмысы жалғасып жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін қатты желдің салдарынан Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы ұлғайғанын жазған едік.
Кейін Каспий жағалауында 450 гектарды шарпыған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған болатынбыз.