Атыраудағы апат: бүлінген теміржол қалпына келтіріліп, пойыз қозғалысы жанданды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы Теңдік стансасында апаттан бүлінген теміржолды қалпына келтіру аяқталды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 22:14-те жолаушылар пойыздарының қозғалысы қайта жанданды.
– Қалпына келтіру жұмысы кезінде рельстен шығып кеткен локомотив пен вагондар орнына қойылды. Ал 200 метр зақымдалған теміржол учаскесінде жер қазу жұмыстары жүргізіліп, жаңа рельс-шпал құрылымы салынды. Апаттың салдарын жоюға 167 теміржолшы, 2 қалпына келтіру пойызы, 6 арнайы техника жұмылдырылды, -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Алдын ала мәліметке сәйкес теміржолдағы апатқа жүк көлігі жүргізушісінің теміржол өткелінен өту ережелерін бұзуы себеп болған.
Осыған байланысты жолаушылар пойызы кестеден кешікті. Сол себептен пойыз жолаушылары Мақат ауданындағы Қарабатан стансасынан Атырау қаласына дейін автобуспен тасымалданды. Жолаушыларға ыстық тамақ ұсынылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы пойыз апатынан зардап шеккен 3 машинист ауыр жарақат алған еді.
Теміржолдағы апаттың салдарынан кешіккен жолаушылар Атырауға автобуспен тасымалданғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ Атырау маңындағы апаттың салдарынан 6 жолаушылар пойызы кешігетінін жазған едік.