Атыраудағы аралда орналасқан ауылға автомобиль көпірі салынбайтын болды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында аралда орналасқан Көптоғай ауылына көпір салынбайтын болды. Осыған дейін Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев Көптоғай мен Шортанбай ауылын байланыстыратын көпірдің жобасы жасақталып жатқанын айтқан. Алайда биліктің жоспары өзгеріп кетті.
Бірнеше жыл бойы ауыл халқы әбден ескірген 30 тонналық жүзбелі көпір мен оны сүйрейтін кемемен қатынап келді. Жасалғанына 70 жылдан астам уақыт өткен су көлігі тек әр жерін жамап-жасқаумен ілдәлдалап жүрген еді. Кейін ауданның атқамінерлері мәселені шешпек болып, 100 миллион теңгеден астам қаражатқа «БК-100» маркілі баркас сатып алды. Ол әкелінген уақытта экспонат секілді өзен жағасында бірнеше ай тұрды. Ауыл халқының наразылығанан кейін жаңа баркастың тілін түсінетін маман шақырылып, пайдалануға берілді. Кейін тағы да істен шығып, қазір қолданыста — сол баяғы ескі кеме. Бүгінде тұрғындар үшін көпір салу мәселесі өзекті болыр тұр. Өйткені, кешкі 20:00–ден кейін кеме жұмысы тоқтатайды, яғни, қатынас үзіледі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев бір мыңнан аса тұрғыны бар елді мекен үшін көпір салу экономикалық жағынан тиімсіз деп отыр. Сондықтан бүгінде жергілікті атқарушы орган Дыңғызыл ауылы мен Көптоғай ауылын байланыстыратын понтон көпірін қоймақ.
— Кезінде жасалған жоспар бойынша көпір салу мәселесі қарастырылған. Бұған үлкен қаржы керек. Балық шаруашылығымен айналысатын «Амангелді» ЖШС Шортанбай ауылындағы зауытын жаңғыртып жатыр. Ал Көптоғай ауылынан жер алып, тоғанда балық өсірмек, бір сөзбен айтқанда балық өңдеу кәсібін дамытпақ. Мамандармен ақылдаса келіп, бюджетті тиімді пайдалану сынды мәселені назарға ала отырып, понтон көпірін салмақпыз. Бұл ең алдымен зауытқа балық тасымалдайтын кемелердің кіріп-шығуына ешқандай кедергі келтірмейді. Қаржыны да үнемдейміз, — деді Қайрат Нұртаев.

Өзен үстіне понтон қойылатын болса, жобаның қажеттілігі болмайды. Тек нысанды сатып алып, пайдалануға және балансқа беру мәселесі қалады.
Қайрат Нұртаевтың айтуынша, понтон көпірі арқылы ауыл халқының мәселесін шешу үшін қазынадан 4-5 млрд теңге керек деп жоспарланып отыр, ал жаңа көпір салу үшін 25 млрд теңгедей қаржы қажет. Әзірге понтон көпірін қашан орнатылатыны белгісіз. Билік мәселені жан-жақты қарап, арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін шешімге тоқтаймыз деп отыр.
Айта кетейік, Көптоғай ауылы Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан.
Осыған дейін Өскеменде қираған Шнайдер көпірі бір жылда қайта салынатыны туралы жаздық.