Атыраудағы ауруханалардың асханасы санитарлық талапқа сай емес

Атыраудағы ауруханалардың асханасы санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер тобы үш ауруханадан бірнеше кемшілікті анықтады, деп хабарлайды Kazinform. 

асхана
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жергілікті волонтерлері «Әділдік жолы РҚБ Атырау филиалымен бірге ауруханаларға мониторинг жүргізген.

«Мониторинг кезінде облыстық балалар ауруханасы, психикалық денсаулық орталығы мен онкологиялық диспансердің асханаларынан бірнеше кемшілік анықталды. Аталған емдеу орындарының асханадарында тамақ өнімдерін пайдаланудың басталған туралы таңбалау жоқ. Дайындалған тамақ өнімдерінің әрбір партиясынан тәуліктік сынама алынбаған. Тамақ мәзірі денсаулық сақтау ұйымы басшысымен бекітілмеген. Көкөністерді сақтау шарттары сақталмаған. Мұның бәрі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Мәселен, облыстық психикалық денсаулық орталығында 120-ға науқас стационарлық ем алады. Орталықтың асханасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, асхана көшірілмей, сол жерде тамақ дайындалып келген.

«Бұл орталықтың асханасында сиыр еті жоқ. Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес биыл наурыз айында 3 млн 612 мың теңгеге 1 500 келі ет сатып алынған. Ал, қазан айында 2 млн 268 мың теңгеге тағы 1 200 келі ет сатып алу туралы шарт жасалған», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері анықталған кемшіліктерді ғимараттың тозғанымен түсіндірген. Ал, басшылар ғимаратты бұзып, қызметкерлер мен науқастарды басқа орынға ауыстыру туралы уәдеден шаршағанын айтқан.

Соңғы жаңалықтар