Атыраудағы бүтін бір отбасы өлімі: Сұлтан Сарсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды
АТЫРАУ.KAZINFORM — Ата-енесін және әйелінің бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Үкімді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина оқыды.
Жәбірленуші тарапқа 40 млн теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Ол қауіпсіздігі ерекше түзету мекемесінде жазасында өтейтін болды.
Істі қарау барысында отбасыға күйеубала есептелетін күдікті марқұмдарды қатігездікпен өлтіріп, бірнеше мәрте пышақтаған. Алдымен қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті өткен жылдың мамыр айында өлтіріп, үй іргесіне көміп, кейін оның телефоны арқылы Наурыз болып ағайын-туыспен байланысып отырған.
Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Кейін Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.
Алғашында күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.
Сотта мемлекеттік айыптаушы айыптау актісіне өзгеріс енгізді.
Атап айтқанда, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша ақпараттық жүйені немесе интернет желісін пайдалану арқылы жасалған алаяқтық дерегі қосылды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, айыпталушы қаза болғандардың банк қосымшаларын пайдаланып, олардың қаражаты мен зейнетақысын иемденген. Сондай-ақ Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өліміне қатысты айыпқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 10-тармағы (Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан адам өлтіру) енгізілді.
Ал Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша айып ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 3 тармағымен (дәрменсіз күйдегі адамды қасақана өлтіру) және 10-тармағымен (Басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан адам өлтіру) толықтырылды. Бұған дейін тағылған 5 және 13-тармақ өзгеріссіз қалды.
Бұған дейін Сұлтан Сарсемалиев қайынағасы Наурызды Мұқанғалиевті өзін қорғау мақсатында өлтіргенін айтқан болатын. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл эпизод бойынша ұстанымын өзгертпей, қылмыс қасақана жасалған деген айыпты сол күйінде қалдырды.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы мал сатуға қатысты бұрынғы алаяқтық айыбының да өзгертілгенін хабарлады.
Жарыссөзде Сұлтан Сарсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал күдікті өзіне тағылған 13 эпизод бойынша айыбын мойындайтынын айтып, өмір бойына бас бостандығынан айырудың орнына 25 жыл мерзімге соттауды сұрады.
Тергеу барысында марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Өткен айдың соңында Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты «бұрынғы күйеуі Сұлтан Сарсемалиевтің аса ауыр қылмысын жасырды» деген күдік расталмады. Тергеу барысында оның кінәсі дәлелденбей, қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратура ақпаратына сүйенсек, Алматыда жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатри
ялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиеваға динамикалық бақылау жүргізу және қосымша дифференциалдық диагностика қажет деп танылған. Қазіргі уақытта ол тиісті ем қабылдап жатыр.
Сот процесі ашық форматта өтті. 26 куәден жауап алынды. Олардың арасында марқұмдардың туыстары, көршілері, күдіктінің жақындары, Жангелдин ауылында мал баққан азаматтар бар.
Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.
Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс.
Еске салсақ, Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталған еді.